Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованы қабылдады

Events

Кездесуде Елбасыға еліміздегі зияткерлік мектептердің қазіргі жағдайы мен алдағы даму жоспары туралы баяндалды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2008 жылдан бері республика бойынша жиырмадан астам жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған балалар үшін үлкен демеу болғанын  атап өтті. Осыған дейін бұл мектептерді 14,5 мыңнан астам бала бітіріп, олардың әрбір төртіншісі Назарбаев Университетіне қабылданды. 2021 жылдың өзінде Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің 29 пайызы Назарбаев Университетіне, ал 78 бала әлемнің ең озық университеттеріне түсті.

К.Шәмшидинова PISA-2018 халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептері дүние жүзінде математикадан үшінші орында, жаратылыстанудан бесінші орында тұрғанын, оқу сауаттылығы бойынша тоғызыншы орында екенін айтты. Сондай-ақ Елбасыға зияткерлік мектеп оқушыларының халықаралық олимпиадаларда қол жеткізген жетістіктері туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебі құрылысының аяқталу барысы, оқытудың жаңа әдістемелерін енгізу және еліміздегі басқа да оқу орындарына Назарбаев Зияткерлік мектебі тәжірибесін тарату бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.