«БОЛАШАҚҚА ЖОЛ ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ» СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ. АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПЕДАГОГТАРЫ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ

26 маусым күні Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облыстық филиалында Елбасы кітапханасының қызметкерлері мектептер және колледждер ұстаздарына арналған «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингін өткізді.

Іс-шараны Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова ашты. 

Ол кездесу қатысушыларын Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттарымен және семинар-тренинг бағдарламасымен таныстырды.

Семинар-тренингтің бірінші бөлімінде қатысушыларға «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция», «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол», «Ұлы даланың жеті қыры» дәрістерін Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев оқыды.

Аталмыш дәрістер Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларына, сондай-ақ «Тәуелсіздік дәуірі» кітабына негізделген.

Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова мен Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің аға сарапшысы Күнзия Үмбетова педогогтармен кіші топтарда жұмыс және «Алты ойлау қалпағы» тренингін жүргізді. Оның барысында әлеуметтік жобаларды дайындау негіздерін үйренген қатысушылар өз жобаларын көпшілік назарына ұсынды.

 

– Семинар-тренинг ұйымдастырушыларына алғысымызды білдірсек дейміз.

Біз теориялық материалға қол жеткізіп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде көкейімізге бекіттік.

Оқудың осындай форматы ақпаратты қабылдап, сіңіруге қолайлы екен.

Бұл семинар-тренинг біз сияқты ұстаздарға айрықша пайдалы және қызықты өтті.

Алған білімімізді балаларға білім беру барысында қолданамыз, - деді Талдықорған қ. Абай атындағы мектеп-гимназия  директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Динара Тәтенова.

 

 

– «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингі мемлекетіміздің даму жолын көрсетіп, бізге де тиісті бағыт-бағдар берді.

Мемлекет тарихы, тәуелсіздік шежіресі жөнінде көптеген маңызды ақпарат алдық.

Елбасының жолдаулары мен мақалаларының терең теориялық негіздерімен таныстық.

Оқу үдерісінде әрқашан мемлекеттік стратегиялық құжаттарды пайдаланамыз,

дегенмен бүгін, қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу мен дамуына арналатын болашақтағы жұмысымызға жаңа серпін алдық, - деді Талдықорған қ. №14 мектеп-гимназия директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Нұргүл Ахмадиева.

 

Оқыту соңында «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингінің қатысушылары – облыстың, оның ішінде Талдықорған қаласының 80 педагогына тиісті сертификаттар табысталды.