ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚОРЫ ОТАНДЫҚ ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕКТЕРІМЕН ТОЛЫҚТЫ

Бұл ретте басылымдардың қатарына көптеген ғылыми жұмыстар мен бірнеше деректі кітаптың авторы Ғ. Құдайбергеновтың жеті томдығы кірді. Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Құдайбергенов мақалаларын «Нива» журналына жиі жариялап қана қоймай, журнал редакциясы кеңесінің мүшесі болған.

2018 жылы орыс тілінде жарық көрген Ғ. Құдайбергеновтың шығармалар жинағы «Монголия глазами кочевника», «Дороги, которые нас выбирают», «Знамение времени», «Его величество случай», «Популярные лекции», «Кто Вы, «Алаш-Орда»? Век спустя», «Ностальгия» атты жеті кітаптан құралады. Түрлі жанрлардың саналуандығымен ерекшеленетін жинаққа жолжазба очерктері, публицистика, эссе, ғылыми мақалалар мен дәрістер, ғұмырнамалар, хроника романы, әңгімелер мен философиялық ойлар кірген. Басылым туған жеріне адал, еңбекқор болған белгілі тұлғалар мен қарапайым жандардың өмірінен сыр шертеді.

Келесі тартулық басылымдардың қатарында – жазушы, фольклоршы, этнограф Байахмет Жұмабайұлының еңбектері.

Байахмет Жұмабайұлы – Қытай фольклортанушылар қоғамы мен Қытай жазушылар одағының мүшесі. Ғалым археология, этнография саласындағы еңбектерімен көпке таныс. «Дала тағылымдары», «Арыстың алыптары», «Зәруге дәру», «Ақыт ата», «Кенішті кент», «Ізғұтты батыр», «Отарбай жырау» сынды көптеген еңбектің авторы бүгінде жеке қолтаңбасы бар құнды кітаптарын Елбасыға сыйға тартып отыр.

«Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің қазақ тарихындағы өлшеусіз еңбегіңіз әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады!», - деп жазады ол.

Елбасы кітапханасының жаңа басылымдарына кірген «Балбалдар мен кешендер» кітабында автор тарихы терең ескерткіштер мен кесенелерді зерттейді. Оларды мысалға келтіру арқылы Б.Жұмабайұлы көшпенділердің ежелгі тұрмысын, салт-санасын, мәдениетін сипаттайды. Фольклоршының таңбалы тастар мен үңгірдегі жазбалардың шығу тарихын философия мен халық ауыз әдебиетімен ұштастырғанын «Жартастар үн қатады» атты кітабынан байқауға болады. «Ою-өрнек әлемі» атты үшінші еңбегінде этнограф үш жүзден астам ұлттық ою-өрнектің шығу тегін, мәнін, өмірдегі бейнелермен байланысын қарастырып, ұлтымыздың ділі мен дінін, наным-сенімдерін келтіреді.

Аталмыш басылымдардың тарих, этнография, философия, мәдениеттану, өнертану саласының мамандарына, әуесқой оқырмандарға пайдалы болары анық.