ЕЛБАСЫНЫҢ ЖЕКЕ АРХИВІ ТОЛЫҚТЫ

Елбасы кітапханасында Бақылау комиссиясы сарапшыларының отырысы өтті. Оның мүшелері негізгі мақсат ретінде Елбасы жеке архивінің қорын жүйелеп, кеңейтуді, оны орынды пайдалануды, бірегей құжаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздейді. 

Отырыс барысында Елбасы жеке архивінің құжаттар категориясын анықтау, электронды фотонегатив көшірмелерінің тізімін бекіту, Тараз қ. жүргізілген ғылыми зерттеулердің қорытындысын таныстыру, қолжетімді дереккөз құжаттарының маңыздылығы мен орнын анықтау сияқты мәселелер қарастырылды.

Елбасы жеке архивінің фотобанкіне 1993, 1996 жылдардағы ескі суреттердің электронды нұсқалары келіп түсті. Атап айтатын болсақ, олардың қатарында 1993 ж. Франция президенті Франсуа Миттеранның Қазақстанға сапары, 1996 ж. Елбасының Малайзияға сапары мен ОБСЕ саммитіне қатысуы бейнеленген суреттер бар.

Комиссия төрағасы, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күләйша Ақтаеваның айтуынша, жауапкершілігі мол іс Президент архивімен бірлескен жұмыстың жоспарына сәйкес атқарылды. 

– Бес жылдай жалғасатын жұмыстың бірінші кезеңі ғана тәмамдалды. Әлі зерттелмеген фотоархивтің сақтандыру қоры бірітіндеп жүйеленіп жатыр. Біз аса бағалы құжаттарды анықтауды қолға алдық. Ертең олар күрделі талдау жұмыстары мен ғылыми зерттеулердің  негізіне айналуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда фотосуреттерді сканерлеу ісі аяқталып отыр. Олардың негізінде келешекте ғылыми-анықтамалық аппарат құрылмақ. Осы тұста біздің басты мақсатымыз – тарихи маңыздылығы зор құжаттарды Елбасы кітапханасының электронды каталогына орналастыру арқылы оларға қолжетімділікті кеңейту болып отыр, - деді К. Ақтаева.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова архив секторының қызметкерлері атқарған ауқымды жұмыстың сапасына жоғары баға берді. Оның сөзінше, Кітапхана қызметінің барлық бағыттарына бұл еңбектің тигізер пайдасы көп, ал зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген отандық және шетелдік ғалымдардың оған деген сұранысы жоғарылай бермек.

– Қызметкерлердің арқасында сақтандыру қорының негізі қаланып қана қоймай, құжаттарды айналымға енгіздіру мүмкіндігі де пайда болды. Фотоқұжаттар электронды нұсқаға жазылды. Олардың әрқайсысы тізімге жеке атауы мен мазмұнымен қосылды. Бұл мәліметтер мамандардың келешек жұмысын әлдеқайда жеңілдеткелі отыр, - деді Б. Қайыпова.

Табылған суреттердің арасында аса құндыға жататынында Жамбыл өңірінің тұрғындары мен Тұңғыш Президент бейнеленген. Бұл – Елбасының облысқа тарихи атауды қайтару жөніндегі жарлықты таныстырып жатқан сәті. 1993 жылы Жамбыл қаласы қайта Тараз аталды.

   

Осы үлгідегі құнды құжаттарды Елбасы кітапханасының қызметкерлері Тараз қаласынан алып келді. Жамбыл облысында 5 қыркүйекте іске қосылған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының аясында олар ғылыми ізденістерін жүргізген болатын.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының арқасында біз түрлі өңірлердегі әріптестерімізді тәжірибемізбен таныстырып қана қоймай, мекемеміздің қорын толықтырумен де айналысамыз. Қызметкерлеріміз өңірмен алдын ала байланысқа шығып, жергілікті мамандардың мәселесін анықтайды. Нәтижеге негізделіп олар әріптестерімізге әдістемелік қолдау жасап, жұмыстың жаңа бағыттарын көрсетеді, - деді К. Ақтаева.

Бақылау комиссиясының сарапшылары отырыс нәтижесінде ортаға пікір салып, Елбасы жеке архивінің қорын жүйелеудің, орынды пайдаланудың бір қатар амалын ұсынды.