СЕМЕЙЛІК ЖӘНЕ ЖЕТІСУЛЫҚ ЖАСТАР ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА

«Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті студенттерінің басын қосты. Бүгінде 72 қатысушы екі күндік білім беру бағдарламасын тәмамдап, оқу курсының сертификатына қол жеткізіп отыр. 

– Екі күндік семинар-тренингтің мазмұнды өтетінін күтпеген болатынбыз. Іс-шарада біз түсінбейтін дүниелер ғана қозғалады деп қорықтық. Жастардың тілін түсінетін, олармен байланыс орнатуда шебер дәріскерлерді алғаш көргенімізде іштей қуандық. Мамандар ұлтымыздың тарихын қонымды үлгіде қарастырып, оның маңыздылығын, бүгінгі күнмен тығыз байланысын көрсетті. Бұрын-соңды білмеген ғылыми, мәдени деректерді дәптерлерімізге түртіп қана қоймай біз бір-бірімізге сұрақ қойып, бір-бірімізбен ақпарат бөлісіп отырдық. Ал тренинг бөлімінде біз білікті мамандардың нұсқауымен тұлға ретінде дамуға кедергі келтіретін теріс қылықтарды анықтап, көшбасшылық қасиеттерді күшейтудің қыр-сырын білдік. Біз алған білімнің бәрі мектеп жасындағы балаларға өте керек. Ондай ақпаратты әр жерден ала бермейтіндіктен, біз мұндай семинар-тренингтердің барын құрдастарымыздың құлағына жеткізуді көздеп отырмыз.

 

Қарап отырсам, іс-шарадан алған керемет әсермен жалғыз өзім емес, жерлестерім де, бізбен бірге келген Қызылорданың жастары да әлеуметтік желіде бөліскен екен. Елбасы кітапханасының басшылығына, оның жобасына ат салысқан қызметкерлеріне басымды иемін! Сіздердің арқаларыңызда біз өзімізді жаңа қырдан ашып, қатарымызды жаңа достармен толықтырдық! Еңбектеріңізге жеміс, қадамдарыңызға сәттілік тілеймін, - деді Елдар Ермеков.

 

 

  

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы кітапханасының 2015 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан семинарларына Қазақстанның барлық өңірлерінен мектеп мұғалімдері мен жоғарғы сынып оқушылары, студенттер, сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы мен Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары, БАҚ және жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер қатысады.