Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады

Events

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев күрделі эпидемиологиялық ахуал, әлемдік экономикалық дағдарыс пен аймақтық сын-қатерлер жағдайында  ұлттық қауіпсіздік жүйесінің қызметін үйлестіруді күшейту қажеттігін атап өтті.

Ә.Исекешев Елбасыға Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының ұлттық қауіпсіздіктің, оның ішінде экономикалық, ақпараттық және әскери қауіпсіздіктің негізгі бағыттары бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді.

Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту және елдегі қылмыс деңгейін төмендету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Сонымен бірге Ә.Исекешев Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы және Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің Қауіпсіздік Кеңестері хатшыларының кездесулерінің нәтижелері туралы айтып берді. Аталған іс-шаралар аясында өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына, киберқауіпсіздік саласындағы қатерлерге қарсы күресті күшейту шаралары талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді.