Астана күніне және Елбасының туған күніне байланысты келіп түскен жеделхаттар мен хаттар

Телеграммалар мен хаттар

Қазақстанның Тұңғыш Президентіне шет елдер көшбасшыларынан құттықтау хаттары келіп түсуде.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады.

«Сіздің мол тәжірибеңіз, саяси даналығыңыз және терең біліміңіз еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістер бойынша стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды дамыту ісінде әрдайым қажет болатынына сенімдімін», – деді В.Путин.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеёв өзбек халқының Елбасыны өзін елі мен халқына жан-тәнімен қызмет етуге арнаған көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде терең құрметтейтінін атап өтті.

«Тарихтың ең қиын әрі күрделі кезеңінде Сіздің мемлекет келешегіне жауапкершілік алғаныңыз Қазақстан үшін тағдыршешті оқиға болды. Сіз – бірегей адами қасиетке ие, терең білімді, баға жетпес кәсіби және өмірлік тәжірибесі бар туа біткен көшбасшысыз.

Сіздің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ретінде Қазақстан мемлекетін, еліңіздің егемендігі мен тәуелсіздігін қалыптастуры және нығайтудағы тарихи миссияңызға берілген шынайы жоғары бағаны толық қолдаймын», – делінген жеделхатта.

Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың жеделхатында Тұңғыш Президенттің саяси бағдарының арқасында Қазақстан Республикасы табысты, қуатты және тәуелсіз мемлекетке айналғаны айтылған. 

«Сіздің Белорус-Қазақстан ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне көңіл бөліп, халықтарымыздың арасындағы көпжылдық достық дәстүрді, өзара құрмет пен бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан жеке үлесіңіз үшін шынайы ризашылықтамын. Ұлттың шын мәніндегі көшбасшысы, өз халқына адалдықтың үлгісі бола отырып, Сіз мемлекеттің дамуы мен өркендеуі үшін талмай еңбектеніп келесіз», – делінген жеделхатта.

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің құттықтауында Қазақстан өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер мен елдің айтарлықтай жетістіктері Тұңғыш Президент – Елбасы атымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Біз Түрікменстанда Сіздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлестеріңізді жоғары бағалаймыз және көп жылғы тату көршілік, сенім мен құрметке негізделген екі жақты стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз.

Осы атаулы күні шын жүректен Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, сарқылмас күш-қуат, мол бақыт, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбіт өмір тілеп, одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.

Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көреген саясатының арқасында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сербия мен Қазақстанның тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізуі жолындағы жан-жақты ниеттестік үшін тағы да алғыс білдіргім келеді. Елдеріміздің қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға көп мүмкіндіктің бар екеніне сенімім мол », – делінген хатта.

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Елбасының Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық және бауырластық қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқандығын атап өтті.

Қазақстанның тәуелсіздігі Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Сіз Тұңғыш Президент ретінде өте қиын және жауапты миссияны қабылдай отырып, дана және көреген саясатыңыздың арқасында мемлекеттік негіздерін, әлеуметтік-экономикалық өсімді және еліңіздің халықаралық аренадағы беделін арттырдыңыз», - делінген И.Әлиевтің хатында.

Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон Нұрсұлтан Назарбаевтың мол тәжірибесі мен елеулі әлеуеті Қазақстанды өркендетуге қызмет ететініне сенім білдірді.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, біздің елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосқаныңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сонымен бірге, бірлескен күш-жігермен Молдова Республикасының және Қазақстан Республикасының игілігі үшін өзара мүдделі түрлі салалардағы ынтымақтастықтың тереңдей беретініне сенімдімін», - делінген жеделхатта.

 

Жарияланым жаңартылуда