Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының атына келіп түскен құттықтаулар

Телеграммалар мен хаттар

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Астана күніне және Елбасының туған күніне байланысты шет мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсті.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өзінің жеделхатында Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Қытай мен Қазақстан достас көрші және жан-жақты стратегиялық әріптес болып саналады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 27 жыл ішінде Қытай-Қазақстан байланыстары қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміздің саяси өзара сенімі үздіксіз нығайып, «Бір белдеу, бір жол» бірлескен бастамасы дәйекті түрде тереңдей түсуде, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастығымыз аса тиімді әрі тығыз ықпалдастықта жүзеге асырылуда. Биылғы сәуірде Сіз сапармен Қытайға келіп, «Бір белдеу, бір жол» атты жоғары деңгейдегі екінші халықаралық ынтымақтастық форумына қатыстыңыз, сапар қорытындысында жемісті нәтижелерге қол жеткізілді.

Мен Сізбен достық келіссөздер жүргізіп, Қытай Халық Республикасының «Достық» орденімен марапаттадым. Сол арқылы Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының жоғары және ерекше деңгейде екенін атап өтті», – делінген жеделхатта.

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков өзінің хатында Елбасының арқасында Қазақстанның астанасы Орталық Азиядағы ең әсем қалаға айналып, халықаралық қаржы алаңы мен бейбітшілік қаласына айналғанын атап өткен.

«Сіздің туған күніңізге және Қазақстан Республикасының Астанасы күнін мерекелеуге орай менің шынайы құттықтауымды қабыл алыңыз.

Сіз – өзіңіздің зор күш-жігеріңізбен және игі істеріңізді Қазақстан халқының ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағыттаған дана әрі парасатты тұлғасыз.

Қазақстан халқы тәуелсіздік алғаннан бері еліңізде болып жатқан барлық елеулі әлеуметтік-экономикалық реформаларды Сіздің есіміңізбен байланыстырады және халықтың өсіп-өркендеуіне қосқан зор үлесіңізді жоғары бағалайды», – делінген хатта.

Қазақстанның Тұңғыш Президентін Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон да құттықтады.

«Сіз, туған-туысқандарыңыз, жақындарыңыз бен достарыңыз үшін осы айтулы күнде Сізге шын жүректен зор денсаулық, бақ-береке, амандық, Елбасыға зор құрметпен қарайтын Қазақстан халқының игілігі жолында таусылмас қүш-қайрат пен жаңа жетістіктер тілеймін.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынастарың стратегиялық әріптес ретінде табысты дамып келе жатқанын атап өткім келеді», – делінген жеделхатта.

Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев Нұрсұлтан Назарбаевтың елді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудағы және мемлекет құрудағы елеулі еңбегіне тоқталды.

«Сіздің Ресей мен Қазақстанды байланыстыратын серіктестік және одақтастық қатынастарды тереңдетудегі елеулі үлесіңізді ерекше атап өткім келеді. Сіз Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын нығайтуға үнемі назар аударып, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті Төрағасы ретінде еуразиялық интеграцияны ілгерілете түсетініңіз маңызды», – делінген жеделхатта.