Нұрсұлтан Назарбаев Музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысты

Оқиғалар

Түркістан қаласы

Театрда Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі халықтарының тарихы мен өмірінен сыр шертетін «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады.

Соңында Елбасы театр әртістерімен сөйлесті, Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Сондай-ақ БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, қала мен өңірдің негізгі даму нәтижелері туралы айтты.

– Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес.  Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті инвестициялық және туристік жобаларды, сондай-ақ қаланың және тұтас өңірдің тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды  одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

–  Қалада жаңа жұмыс орындары ашылуда, жастарға мол мүмкіндік жасалып жатыр. Туризм университеті бой көтерді, бүгін тамаша театрдың тұсауы кесілді. Бұл шын мәнісінде айтулы оқиға, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.