Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті

Телефон қоңыраулары

Түркия Президенті Елбасын шын жүректен туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық және бауырлас Қазақстанның мүддесі жолындағы көпжылдық мемлекеттік қызметіне жаңа жетістіктер тіледі.

Режеп Тайип Ердоған Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің көшбасшысы ғана емес, сонымен қатар Нұр-Сұлтан мен Анкара арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізін қалаушы ретінде зор құрметке ие болғанын айтты.

Түркия Президенті Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (Түркі кеңесі) Құрметті төрағасы ретіндегі айрықша рөліне тоқталды, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық бастамаларының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Елбасы Режеп Тайип Ердоғанға ізгі тілектері үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Түркияның қазіргі стратегиялық серіктестігінің деңгейіне жоғары баға берді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Режеп Тайип Ердоған алдағы кездесулердің кестесін талқылады.