Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай келіп түскен хаттар мен жеделхаттар

Телеграммалар мен хаттар

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай шет мемлекеттер басшыларынан  құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсті.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қытай халқының және өзінің атынан Елбасыны және барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, осы жылдар ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің басшылығымен мемлекетті дамыту ісінде қол жеткізілген табыстарды атап өтті.

«Сіздің көреген басшылығыңызбен Қазақстан мемлекет құру ісінде табысты даму жолына түсіп, зор жетістіктерге жетті, Еуразия өңіріндегі беделді мемлекетке айналды. Қытай мұны тату көрші әрі мәңгілік көпжақты стратегиялық әріптес ретінде қуанышпен қабылдайды. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі мемлекеттік даму стратегиясын табысты жүзеге асырып, елдің әлеуетін нығайтуды және халықтың әл-ауқатын арттыруды жалғастыра беретініне сенімдіміз», – делінген  Си Цзиньпиннің жеделхатында.

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай тыныштық пен бақ-береке тілеп, жылы лебізін жолдады.

Режеп Тайип Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуына тоқтала келе, Елбасының тікелей қолдауымен құрылған Түркі мемлекеттері ұйымының биылғы 12 қарашада Стамбул қаласында өткен саммитінің нәтижелерін атап өтті.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевты және барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Осы кезеңде Сіздің басшылығыңызбен жүргізілген кең ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың, терең өзгерістер процесінің, теңдесі жоқ жасампаз жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан барлық салада орасан зор табысқа қол жеткізді. Бүгінде көпұлтты Қазақстан өзінің тарихи және мәдени дәстүрлерін сақтай отырып, әлемдік қоғамдастыққа қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде мойындалды», – делінген Шавкат Мирзиёевтің жеделхатында.

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Қазақстан жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екенін айтты.

«Егемендік жылдарында бауырлас Қазақстан болашаққа ұмтылған, заманауи мемлекет құру жолында толағай табыстарға қол жеткізіп, бүгінде халықаралық аренада лайықты орын алды. Қазіргі Қазақстанның жетістіктерінің барлығы Сіздің есіміңізбен және Сіздің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті лауазымындағы көпжылдық жемісті мемлекеттік қызметіңізбен тығыз байланысты», – делінген Эмомали Рахмонның жеделхатында.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың хатында: «Сіздің Қырғызстан-Қазақстан арасындағы достық пен тату көршілікке негізделген берік стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды қалыптастыруға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Байланыстарымыз алдағы уақытта да біздің елдеріміздің игілігі жолында үздіксіз дамып, тереңдей береді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге зор денсаулық пен жаңа табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тілеймін», – делінген.

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің жеделхатында да Қазақстанның егемендіктің отыз жылы ішінде қол жеткізген жетістіктері айтылған.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз мемлекеттілігін нығайту, халықтың тұрмысын жақсарту және халықаралық аренада абыройын арттыру жолында зор табыстарға жетті.

Біз жақын көршіміздің жетістіктері үшін қуанамыз және стратегиялық сипатқа ие екіжақты қатынастарды дамытуға дайынбыз», – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян қазақстандықтарды тәуелсіздіктің отыз жылдығымен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан жеке үлесін атап өтті.

«Сіздің салиқалы әрі көреген саясатыңыздың, күш-қуатыңыз бен жоғары кәсібилігіңіздің арқасында бүгінде Қазақстан саяси, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық даму жолымен сенімді алға басып келеді, сондай-ақ өңірлік және халықаралық істерде конструктивті рөл атқарады», – делінген Армен Саркисянның жеделхатында.

Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан да өзінің жылы лебіздері мен тілектерін хат арқылы жолдады.

«Өткен отыз жылда Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі рөлі ерекше маңызға ие болды. Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас үздіксіз дамып келе жатқанына және өзара құрметке негізделген тығыз стратегиялық серіктестік орнағанына қуаныштымыз. Мен Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жүргізіліп отырған бірлескен жұмысымыз біздің ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін», – деп жазды Виктор Орбан.