«ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ» ЖОБАСЫ. МАҚПАЛ МЫСА

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жас ақын Мақпал Мысаның есімін елге кеңінен таратты. Елбасының осы жылдың ақпан айында республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау кезінде Мақпал «Алыстама» деген өлеңін оқып, қатысушылардың көңілін босатып, жанын тебірентті. Нұрсұлтан |Назарбаев ақынға өнер көрсеткені үшін алғысын білдіріп, шалқыған шығармашылық шабыт тіледі.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында Мақпал Мысаға 140 мыңнан астам адам дауыс берді. XVI ғасырда өмір сүрген ақын Шоған абыздың ұрпағы болып келетін Мақпалдың поэзиясын құрметтеген өлең сүйер оқырмандар, достары мен жақындары жүрек қылын шертіп, нәзік иірімдерді тап басатын ақынды бірауыздан қолдады.

Мақпал Мыса төрт кітаптың авторы, бесінші – «Ақ қанатты періштем» жинағы 2020 жылдың басында жарыққа шығады. Автор өз шығармаларында туған жерінің тау өзендері мен кең даласын жырлайды. Оның поэзия әлемінде махаббат та бар. М.Мысаның өлеңдері әлемнің он шақты тіліне аударылған, оның сөздеріне жазылған романстарды отандық орындаушылар шырқайды. Ол ең алғашқы болып өлең жолдарын  қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеновке арнады.

Республикалық байқаулардың жеңімпазы Мақпал ерекше дикциясы мен еліктірер даусымен ерекшеленеді. Ақынның бұл өнерін 20 қарашада Талдықорған қаласында өткен «Ақ қанатты періштем» атты шығармашылық кешінде жергілікті тұрғындар тамашалады. Бұл кешті Мақпал өзге шаралардан ерекше етіп ұйымдастырды. Театрландырылған әдеби кеште ақынның поэзиядағы ғұмыры үлкен бір қойылымның желісінде өрбіді.

Жазушылар Одағының мүшесі ретінде Мақпал Мыса қазақстандық балалар әдебиетінің дамуына өзіндік үлесін қосты, атап айтқанда, қазақ тіліндегі 14 танымдық энциклопедияның аудармасына белсене атсалысты. Жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек деген сұраққа Мақпал балалар мен жастар арасындағы әдебиетке деген сұраныстың артқанын айтты.

«Жастар кітап оқиды, мұндағы басқа мәселе – қазақ тіліндегі әдебиеттің қол жетімділігі. Бұл салада оң өзгерістер бар. Әрине, сандық технологиялардың қарқынды даму ғасыры өз әсерін тигізді – бүгінде жастар смартфондарға «тәуелді», бірақ тіпті осы арқылы да оқырман қызығушылығын арттыруға болады. Бұл жерде әдебиетші, аудармашы, журналист ретінде менің де рөлім бар»,-деп ой бөлісті М.Мыса. Сапалы шығармалар жазу, сондай-ақ әлемдік классиктердің шығармаларын аудару мақсатында Мақпал болашақта әлемнің жетекші жоғарғы оқу орындарының бірінде қосымша білім алуды жоспарлап отыр.