«ДОСТЫҚ ЖОҚ ЖЕРДЕ АРАЗДЫҚҚА МҮМКІНДІК МОЛ БОЛМАҚ». Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

Дәл бүгін, 30 шілде күні бар әлем күнтізбедегі ең жас мерекелердің бірі - Халықтар достығы күнін атап өтуде. Аталған мерекені атап өту туралы шешімді Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2011 жылдың 27 сәуірінде өткен 65-інші сессиясында қабылдады. Жаңа датаны бекітуге идеологиялық негіз - Мәдениет және бейбітшілік саласындағы іс-қимыл декларациясы мен бағдарламасы, сондай-ақ 2001-2010 жылдарды қамтыған бүкіл ғаламшардың мүддесі үшін бейбітшілік мәдениеті мен зорлық-зомбылықсыз халықаралық онжылдық болды.

Бұл мереке – бейбіт жолды таңдаған Қазақстан үшін де аса маңызды.

Өйткені, Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізбестен бұрын, ұлтымыздың бағына туған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыршешті Жарлығымен көлемі жағынан әлемде төртінші орынды иеленген ядролық қарудан бас тартып,

Семей ядролық сынақ полигоны жабылған болатын.

Бұл Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік көшін бастаған теңдессіз қадамдарының бастауы болды.

Осылайша, Тұңғыш Президентіміздің батылдығы арқасында халқымыз тәуелсіздік таңы атар сәтте бейбітшілік жолын таңдайтынын барша әлемге паш етті, тәуелсіздігін жариялап үлгермеген жас мемлекетіміздің беделі әлемдік деңгейге көтерілді.

Тәуелсіздік жылдары Н.Ә.Назарбаев әрқашан тұтас жер беті бейбітшілікке бөленуі үшін бар күш-жігерін салды.  

 

 

 

Әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында көптеген тың бастамалар көтерді. Қазақстанның бұл бағыттағы сан жылдық ерік-жігері, Елбасымыз ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде көрініс тапты.

Ең бастысы, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бейбіт бастамаларының бәрі де әлем қауымдастығының жаппай қолдауына ие болып, Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысы атанды.

Осындай атаулы күні – Елбасы кітапханасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әр жылдарда жарық көрген кітаптарынан, мақалалары мен сөйлеген сөздерінен іріктеліп алынған толғамдары мен қанатты сөздері топтастырылған «Жылдар мен ойлар» кітабындағы бейбітшілік пен келісім туралы айтқан маңызды ой-пікірлерін ұсынуды жөн көрді.

 Семей полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту – тәуелсіз Қазақстанның адамзатқа берген алғашқы игілігі болды.

Егер біз елімізді күшті әрі қуатты мемлекет ретінде көргіміз келсе, қайықты өзіміз шайқап, бекемделе қоймаған бейбітшілік пен тәртіпті бүлдіріп алмауымыз керек.

Дауы таусылмайтын елдің жауы да таусылмайды.

Қашанда, қай істе болсын, ханы мен халқы бір болып, тұтастық құрғанда – мемлекет нығайып, ел ырысы тасады; ал халқы қолдамай, ханы халқын қорғамай, өзімшілдік өктемдік алып, өзара талас-тартысқа түскенде – мемлекет әлсіреп, ел ырысы қашады. 

Көп ұлтты ел болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз.

Толеранттылық, сыртқы әлемге ашықтық, диалогқа ұмтылу – бұл жаңа Қазақстанның дамуындағы өмірлік мәні бар маңызды қағидаттар.

Бүгін біздің төңірегімізде бейбітшілік белдеуі қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Бірде-бір мемлекеттің бізге талабы жоқ әрі жаулық көзқараста емес.

Басқа ұлттармен және ұлыстармен бейбіт тату көршілік қарым-қатынаста болу – қазақтардың ежелгі дәстүрі.

Біздің басты байлығымыз – халықтар мен діндер арасындағы татулық пен келісім.

Қазақты еш уақытта ешкім жеңіп, жерін ала алмаған. Тек бір-бірін арандатып, ішіне іріткі салып барып жеңген. Біз содан бодан болдық. Енді бұдан былай ондайларға жол бермеуге тиістіміз.

         Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады.

         Біз тыныштық арқылы – тұрақтылыққа, татулық арқылы – тұтастыққа қол жеткіздік.

         Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болсын.

             Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті. 

         Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.

         Кіммен дос болу, кіммен жақындасу, кімнен өзіңді алысырақ ұстау – ұлтты сақтаудың бір кепілі.

         «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» - деген данышпан Абай өсиеті менің де ұстанатын өмірлік қағидам, санама сіңірген терең танымым.

 

фотосуреттер ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Жеке архивінен