ЕЛ ТАРИХЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖӘДІГЕРЛЕРІ, КІТАПТАРЫ МЕН АРХИВТІК ҚҰЖАТТАРЫНДА. ҚАЗАҚ ВАЛЬСІ КОРОЛІНІҢ МҰРАСЫ

15 тамыз – танымал қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Ол 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданында (бұрынғы Қазақ АСР, Сырдария облысы, Темірлан ауылы) дүниеге келген.

Дүниеге келгенде оған Жәмшид деген есім берілгенмен, кейін Шәмші аталып, құжаттарға солай жазылып кеткен. Әкесі ұста, зергер болғанымен ақындығы да бар еді: өзі шығарған әндерді домбырада сүйемелдеп шырқаған. Анасына да әншіліктен кенде емес еді. Осылайша ұлдарына дарыған музыка мен халық әндеріне деген махаббаты қанмен берілді десек қателеспеспіз. Шәмші бала кезінен отбасылық дәстүрді жалғастырды: ел жиналған жерлерде ән шырқады, шығармашылық байқауларға қатысып, бірқатар марапаттарға ие болды. Ол естіген әуендерін бірден қайта орындай алатын, бірақ суырып-салма қабілеті басым болып, бозбала шағында өзінің алғашқы әндерін жаза бастайды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында бала Шәмші тракторшы болып еңбек етіп, кейін Сарыағаштағы Қапланбек зооветеринарлық техникумына оқуға түскен. 1950 жылы техникумды тәмамдаған соң жолдамамен Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының бұрынғы «Темір» кеңшарына  зоотехник болып жұмыс істеуге жіберіледі. Онда жас жігіт қызықты оқиғамен есте қалыпты: соғыстан кейінгі аштықтан торыққан жылдары қарамағына бекітілген бір отар қойдың бір бөлігін «келесі жылы мал төлдегенде қайтарады деген есеппен» ауыл тұрғындарына таратып береді. Осылайша ауылдастарын аштықтан сақтап қалады. Алайда осынысы үшін қудалаудан да құтылмайды, егер жас жігітке ауыл тұрғындары жақтасып қорғамағанда оның тағдыры қалай боларын кім білсін. Осы жерден әскерге шақырылады.

Ш.Қалдаяқов Қиыр шығыстағы Сахалинде әскери борышын өтеп келгеннен кейін 1955 жылы Ташкент музыкалық училищесінің музыка теориясы бөліміне оқуға түсіп, бірақ аяқтай алмайды. Содан кейін Алматыға келіп, 1956 жылы консерваторияға түсіп, профессор В.В.Великановтың композиция сыныбында білім алады. Сол жылы 26 жасар композитор 21 жастағы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» өлеңіне алғашқы патриоттық әнін жазады. Осы ән лезде барша елге танымал болып, оны тіпті «Тың игерушілер маршы» деп атап кетеді. Алайда оның мән-мағынасы тың игерушілердің таяз тарихынан да жоғары тұр еді. Орасан зор шығармашылық табысқа ие болған танымал ән автордың оқуына кері әсерін тизгізбей қоймады. Оны музыка теориясындағы гармонияны игермеді деген түкке-тұрғысыз себеппен оқудан шығарып жібереді. Кейін танымал әндердің авторын композиторлардың ресми ұйымына қабылдамай қояды. Мәскеуде Ш.Қалдаяқовтың кандидатурасын музыкалық білімі жоқ деген немқұрайлы себеппен үш рет өткізбейді.

Оның есесіне Шәмші Қалдаяқов композитор ретінде ресми түрде танылып үлгерген еді. 1965 жылы Шәмшінің әндерін барша ел шырқап, ол беделді сыйлық - Ленин комсомолы сыйлығына ие болады. Жарты ғасырлық мерейтойлық жасқа келгенде республиканың еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанады. Композитор бұрыннан халқының сүйіспеншілігіне ие болса да кеңестік кезеңде ала алмаған «Қазақстанның халық әртісі» атағы 60 жасында Елбасының Жарлығымен беріледі.

Шәмші Қалдаяқов қазақ эстрадасының бастау бұлағы іспетті. Қазақ эстрадасы бірнеше жылдар бойы Шәмші әндерінің ықпалымен қалыптасты, оның қазіргі заманға дейін жалғасып келе жатқан өзіндік өміршең мектебі бар. Композитордың алғашқы әндерімен вальс ырғағы мен халық әндері үйлескен шығармалық ерекшелігі туындады. Шәмші әндерінің табиғи және тілге орамды болғаны соншалық, бірден барша жұрт орындай бастады. Ол ХХ ғасырдың 60–70 жылдарда өскен жастар үшін шетелдік танымал өнер жұлдыздарымен тең пірге айналды. Шәмші әндерінің бірден «хитке» айналатынын алдын ала білген отандық әншілер оның әнін орындауға таласатын еді. Жеңіл де әуезді әндерді композитор қатты қиналмай жаза салатын. Онымен жақын араласқандар «Шәмші бірер уақытқа бөлек кетіп, дайын әнмен оралатын, кейін сол ән халықтың сүйікті әніне айналатын», - деп еске алады.

Оны әу бастан «Қазақ вальсінің королі» деп атай бастады. Осы бір туған халқы сыйлаған атақ оған берілген ресми атақтардың бәрінен қымбат еді.

Оны алғаш танымал еткен «Менің Қазақстаным» әнінің тағдыры ерекше болды: 1986 жылғы орын алған желтоқсан оқиғалары күндері Алматыда алаңға шыққан қазақ жастары «Менің Қазақстаным» патриоттық әнін қосыла шырқады, ал жиырма жылдан кейін, 2006 жылы осы ән тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Гимні болып, ресми түрде бекітілді.

Жаңа Гимнді қабылдау туралы бастаманы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. 2006 жылғы 6 қаңтарда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының заңдық күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық Заң жобасы қаралды, депутаттарға Мемлекет басшысының «қолданыстағы гимннің қазақстандықтар арасында танымал еместігі, ал «Менің Қазақстаным» әні танымал екендігі» туралы хаты оқылды. Елбасы хатында «Гимн мәтінінде қазақ жері мен ұлт байлығы ұрпақтардың жарқын болашағына жол ашады деген идея орын алуы тиіс», - деп атап өтілді. Осыған байланысты «Менің Қазақстаным» әні бұрыннан бері халқымыздың гимніне айналғанын алға тартқан Н.Ә.Назарбаев ән мәтініне кейбір өзгерістер енгізіп, оны ресми түрде бекітуді ұсынды. Гимн мәтініне түзетулерді Елбасының жеке өзі енгізген болатын.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңғы жылдары қатты науқастанып, 61 жасында өмірден өтеді.

Қалдаяқовтың атында Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында көшелер бар. 2006 жылы композитордың құрметіне Шымкент қаласында өзінің атындағы көшеде ескерткіш орнатылды. 2010 жылы Шымкенттің орталығында жерлес композиторларының 80 жылдық мерейтойына орай «Шәмші әлемі» атты тұтас кешен бой көтерді. Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы ауылға Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілді. Композитордың есімімен Түркістан облыстық филармониясы мен Шәуілдірдегі музыкалық мектеп аталды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов туралы «Жылдарым менің, жырларым менің» атты деректі фильм түсірілді. Ал оның әнін орындаушылар композитордың есімін мәңгілікке есте қалдырары сөзсіз: елімізде 1992 жылдан бері, бүгінде Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестиваліне айналған «Менің Қазақстаным» байқауы өткізіліп келеді. Оған Ресей, Өзбекстан, Қытай, Иран, Қырғызстан және басқа да шет елдерден ән орындаушылары қатысты.

Композитор Шәмші Қалдаяқов өзінің әндері арқылы халқымен бірге мәңгілік өмір сүруде.

Елбасы кітапханасының кітап қорында Ш.Қалдаяқовтың ән жинақтары мен композиторға арналған өмірбаяндық басылымдар сақталған: «Шәмші Қалдаяқов. Бақыт Құшағында. Әндерінің толық жинағы» (2006), «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған. Шәмші Қалдаяқов туралы естеліктер» (2007), «Шәмші Қалдаяқов. Әндер жинағы» (2010), «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» (2012).