ПЕДАГОГТАРДЫҢ САНАСЫН ЖАҢҒЫРТУ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ ФАКТОРЫ

12 желтоқсанда Петропавл қаласында Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-ағартушылық жобалар және білім беру қызметінің қызметкерлері қоғамдық пәндер оқытушылары мен Солтүстік Қазақстан облысы колледждерінің тәрбие ісі бойынша директорлардың орынбасарларына «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты семинар-тренинг өткізді. Оқу курсынан барлығы 84 педагог өтті.

Қатысушылар философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев пен тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердағұлованың «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыптарындағы дәрістерін тыңдады. Әлеуметтік-ағартушылық жобалар және білім беру қызметінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова мен аға сарапшы Күнзия Умбетова тренинг, командалық ойындар және тәжірибелік сабақтар өткізді.

Семинар-тренинг тыңдаушылары алған білімдері, жаңа дағдылары туралы әсерлерімен бөлісті.

Ләззат Сарбасова, Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушысы:

– Осы тамаша семинар-тренингті ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіргім келеді. Семинар біз үшін жаңа, өте қызықты форматта өткізілді. Біз көп қажетті, пайдалы ақпарат алдық. Мен және менің әріптестерім осыған жету үшін 400 шақырымға жуық жол жүріп келді. Ең бастысы – бекер емес. Көп рахмет!  Осындай оқыту іс-шаралары көп болсын. Өйткені біз, педагогтер, алған ақпарат пен білімді көпшілікке жеткіземіз, біз идеолог болуымыз керек, басты міндетіміз –  білім беру және тәрбиелеу.

Сәуле Киженова, Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің оқытушысы, жастармен жұмыс жөніндегі менеджер:

– Айта кету керек, адамның дамуы өмір бойы жалғасады. Бұл әсіресе педагогтар үшін өзекті. Өкінішке орай, әр педагогтің, оқытушының уақытының тығыздығына байланысты оқу үшін жол жүруге мүмкіндігі бола бермейді.  Ал бұл біздің қызметіміздің қажетті құрамдас бөлігі. Сол себепті біз үшін осындай керемет міндетті іспен келген  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Семинар-тренинг барысында біз өте мазмұны терең дәрістер тыңдадық. Біз білікті мамандардың арқасында білім көкжиегімізді кеңейтіп, командалық жұмыста өз ойымызды жүзеге асыра алдық. Оқытушы ретінде теорияның практикалық бөліммен ұштасып, үйлесім  тапқанын атап өткім келеді. Оқу  барысында біз өз жұмысымызда міндетті түрде қолданатын білімнің жаңа компоненттерін сіңіре білдік. Өйткені жастарды креативті, бастамашыл, заманауи оқытып, тәрбиелеу үшін бізге, педагогтарге  өз санасын жаңғыртуы қажет. Елбасы кітапханасының басшылығына өңірлерге назар аударып, көшпелі семинарларды ұйымдастырғаны үшін ерекше алғыс.