СҚО КӨШПЕЛІ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ

11 желтоқсанда Елбасы кітапханасының Солтүстік-Қазақстан облысындағы көшпелі іс-шаралары аясында «Өрлеу» ҰБАО» СҚО бойынша филиалында «Болашаққа жол өзіңнен басталады»  семинар-тренингі өтті.

Алты сағаттық сабақ барысында  қоғамдық тәртіптің 80 педагогі, мектептердің тәрбие жұмыстары жөніндегі директордың орынбасарлары, Петропавл және Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендеріндегі балалар мен жасөспірімдер орталықтарының оқытушы-ұйымдастырушылары мен әдіскерлері Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлерінің Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы   «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауларына, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларына, Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабына және Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауына негізделген дәрістерін тыңдады. Тренингтер мен тәжірибелік жаттығулардың арқасында қатысушылар әлеуметтік жобаларды жасауды үйреніп, көшбасшылық қабілеттерін дамыту дағдыларын игерді.

Сонымен қатар педагогтерге Елбасы кітапханасының көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасы аясында түсірілген «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» атты деректі фильмі көрсетілді. Фильм әлемді ядролық қарудан азат ету қозғалысына Елбасының қосқан үлесі мен еліміздің жаһандық бастамаларынан сыр шертеді. Оның аясында ядролық қарудың күллі әлемге тигізуі ықтимал жойқын салдары көрсетіліп, мәселені шешуде Қазақстан мен Жапонияның атқарған еңбегі баяндалды. –

–  «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингтен көп нәрсе білдім. Технология дамыған заманда тың ақпараттарды меңгеріп, өткен тарихымызға көз жүгіртіп, ұлттық кодымызды, рухани байлығымызды дамытуымыз керек. Осы оқу курсынан алған тәжірибемді, үйренген әдіс-тәсілдерді болашақта сабақ барысында қолданып, балалардың бойына дарытатын боламын, - деп ой бөлісті Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының өкілі Жанат Құрбан.