ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Бүгін Елбасы кітапханасында Нұр-Сұлтан қаласы «Nur Otan» партиясының «Бірлік» филиалына қарасты «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиыны өтті.

Іс-шараны «Тұңғыш» БПҰ төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің, «Бірлік» филиалы саяси кеңесі мен бюросының мүшесі, Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашты.

– «Nur Otan» партиясының тарихы 28 жылдық тәуелсіздігімізбен тығыз байланысқан. Елбасы бастаған партияның елордалық «Бірлік» филиалына қарасты «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымы жасампаздықты қолдауда белсенділік танытып отырады. Оның өкілі ретінде біз Елбасы кемеңгерлігінің айғағына айналған мемлекет жетістіктерін насихаттаймыз. Олар еліміздің ядролық қарудан бас тартқан сәтінен бастап ұлттың бүгіні мен ертеңін сезетін Тұңғыш Президенттің өкілеттікті тоқтатқан уақытқа дейінгі аралықты толықай қамтиды, - деп Әмірхан Мұратбекұлы партиялас әріптестерді келе жатқан төл мерекемен құттықтады.

 «Тұңғыш» БПҰ құрамына Елбасы кітапханасының 129 қызметкері кіреді. Мекеменің жетекшісі биылғы жұмыс жоспарының толықтай атқарылғанын айтты. қоғам мен саясаттың өзекті мәселелері бойынша кездесулер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар легі партияның негізгі қызметін айқындай түскені анық. «Бақытты балалық шақ» жобасының аясында мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, «Баланы мектепке жинаймыз» атты жылсайынғы республикалық науқанның аясында үш шара өткізілді. Олардың негізінде балаларға мектеп құралдарының жинағы табысталды. Оқу жылы басталмастан бұрын игі дәстүр бойынша партияның кітапханалық мүшелері кәмелет жасына толмаған үш немересін жалғыз тәрбиелеп жатқан Рыскүл Өтегеноваға демеу жасады.

Тұңғыш Президенттің бұрынғы резиденциясы болған музей ғимаратында егеменділіктің даму кезеңдерін бейнелейтін экскурсиялар өткізілді. Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Қан тапсырып өмір сыйла» науқанына қатысты. «Тұңғыш» БПҰ тобы «Қазақстан – спортты ел» шахмат турнирінде бас жүлдеге ие болды. Партия басшылығының қатысуымен Елбасы кітапханасының қос ғимаратында жаңа мүшелерге билет табыстау рәсімін өткізу мен партиялас азаматтарға экскурсиялар мен семинар-тренингтерді, кино көрсетілімін жүргізу де дәстүрге айналды. «Тұңғыш» БПҰ мүшелерінің саны биыл 117-ден 129-ға өсті. Елбасы кітапханасының 12 қызметкеріне партия билеті беріліп, үш партия жиыны өтті.

Салтанат барысында Нұр-Сұлтан қаласы «Nur Otan» партиясы мен Елбасы кітапханасы директорының атынан алғыс хаттар табысталды.

Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне сонымен қатар құрмет грамоталары берілді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева мен жетекші ғылыми қызметкер Ғазиз Телебаев «Құрмет» орденімен марапатталды. Әмірхан Рахымжанов әріптестерге партия мақсатын іске асыруда сәттілік пен өмірлік табыс тіледі.