Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық ұйымдардағы мәртебелері

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы

2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа оның еуразиялық интеграция идеясының авторы ретіндегі ерекше рөлін, сондай-ақ Еуразия экономикалық одағын (ЕАЭО) құруға, дамытуға және нығайтуға қосқан үлесін мойындай отырып, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы мәртебесі берілді.

Бұл шешімге Беларусь Президенті А.Г.Лукашенко, Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев, Қырғызстан Президенті С.Ш.Жээнбеков, Ресей Президенті В.В.Путин және Армения Премьер-министрі Н.В.Пашинян қол қойды.

ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттер: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей.

Бақылаушы мемлекеттер: Куба, Молдова және Өзбекстан.

 

Түркі мемлекеттері ұйымының

Құрметті төрағасы

2019 жылғы 15 қазанда Баку қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 7-ші саммиті барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Түркі әлемін біріктірудегі және Түркі ынтымақтастық ұйымдарын құрудағы ерекше еңбегін мойындай отырып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Құрметті төрағасы мәртебесі берілді.

Бұл шешімге Әзербайжан Президенті И.Г.Әлиев, Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев, Қырғызстан Президенті С.Ш.Жээнбеков, Түркия Президенті Р.Т.Ердоған, Өзбекстан Президенті Ш.М.Мирзиёев қол қойды.

2021 жылғы 12 қарашада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі өз атауын Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) деп өзгертті.

ТМҰ-ға мүше-мемлекеттер: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан.

Бақылаушы мемлекеттер: Мажарстан, Түрікменстан.

 

Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесулерінің Құрметті төрағасы

2019 жылғы 29 қарашада Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының 2-ші консультативтік кездесуі барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесулерінің Құрметті төрағасы мәртебесі берілді.

Бұл шешімді Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев, Қырғызстан Президенті С.Ш.Жээнбеков, Тәжікстан Президенті Э.Ш.Рахмон, Түрікменстан Президенті Г.М.Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Ш.М.Мирзиёев қабылдады.

Консультативтік кездесулерге Орталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары қатысады.

 

Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион

2020 жылғы 26 тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекет күніне орай (жыл сайын 29 тамызда атап өтіледі) ұйымдастырылған БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі отырысы барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа өз жетекшілігі кезінде Қазақстанның ядросыз әлем қалыптастыру бойынша жаһандық күш-жігерге қосқан ерекше тарихи үлесін мойындай отырып, 2020-2022 жылдарға Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) «Ядролық қарусыз әлем үшін ядролық сынақтардан азат әлем чемпионы» мәртебесі берілді.

ЯСЖТШҰ Дайындық комиссиясы 1997 жылдан бері Вена қаласында (Австрия Республикасы) жұмыс істейді. Мүше-мемлекеттер – 185 ел.

 

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Ақылмандар алқасының басшысы

2021 жылғы 27 қазанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше-мемлекеттер АӨСШК-нің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевты АӨСШК Ақылмандар алқасының басшысы лауазымына бекіту туралы шешім қабылдады.

АӨСШК құрамына Азияның 27 мемлекеті кіреді (Әзербайжан, Ауғанстан, Бангладеш, Бахрейн, Вьетнам, Мысыр, Израиль, Үндістан, Иордания, Ирак, Иран, Қазақстан, Камбоджа, Қатар, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, БАӘ, Пәкістан, Палестина, Корея Республикасы, Ресей, Таиланд, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан және Шри-Ланка), 9 бақылаушы мемлекет (Беларусь, Индонезия, Лаос, Малайзия, АҚШ, Түрікменстан, Украина, Филиппин, Жапония), 5 бақылаушы халықаралық ұйым (Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым, Араб мемлекеттері лигасы, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы), сондай-ақ 5 серіктес ұйым (Қазақстан халқы Ассамблеясы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы).