«ТАРИХИ ТАҢДАУ». ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ҚОС КӨРМЕ АШЫЛДЫ

Фотогалерея

29 қарашада Елбасы кітапханасында Тұңғыш Президент күніне арналған «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жоба аясында көрмелер ашылды.

 – Отыз жылдай жуық уақыт ішінде тәуелсіз Қазақстанның қаланған әр кірпішінде Елбасының қолтаңбасы бар. Қажырлы саясаткердің ел іргесін қалауға ғана емес, халықаралық саясаттың дамуына да қосқан үлесі орасан зор. Оны жаһан көшбасшылары мойындады. Бітім мен мәмілеге құрылған саясат, жаңа елорда – өркениет пен келісімнің ордасы болса, тәуелсіз Қазақстан – тұрақты даму жолына түскен негізі нық мемлекетке айналды. Ал бұл тұста Елбасының бірегей саясаткер екені хақ. Қазақ хандарының бітімгершілік жолын жалғастырып қана қоймай, асқақ армандарын орындаған Нұрсұлтан Әбішұлы тарихты ғана емес, жаңа заман тынысын да жаңғыртты, - деді  көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы Әмірхан Рахымжанов.

«Тарихи таңдау» жобасы аясында жыл сайын еліміздің жаңа саяси тарихының әртүрлі қырлары ашылады. Көрменің негізгі тақырыптары «Тіл туралы» Заңның 30 жылдығына және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық бастамаларының тарихына арналды.

Іс-шараның «Ғылыми – әдеби қонақжай» бөлімінде Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлері 30 жыл бойы мемлекеттік тілге қатысты мемлекеттік саясаттың даму тарихы туралы өз сараптамалық пікірлерін ортаға салды.

ҚР Мәжілісінің депутаты, журналист, жазушы, аудармашы,  әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Әбдірахманов мемлекетіміздегі қазақ тілінің мәртебесін сақтау, дамыту жолындағы Елбасының рөліне тоқталды.

– Бұл – мемлекеттілік пен елдіктің мерекесі. Елбасының қазақ тіліне, өзінің ана тіліне жасаған тірлігі ерекше. Ешкіммен дауға апармай, әңгімені өршітпей біртілді мемлекетті жасау оңайға түскен жоқ. Қазір оңай көрінгенімен, ол заманда халқымыздың саны 40 пайызға жетпей тұрған кезде ұлттың тілін мемлекеттік тіл жасау оңай болған жоқ. Соның барлығын Нұрсұлтан Әбішұлы жолымен, жөнімен, дипломатиямен, ақылмен шешіп, осы күнге алып келді. Бүгінгі таңда қазақ тілінің келешегі үлкен. «Қазақстанның болашағы – қаза тілінде» деген Елбасымыздың сөзі біздің ұдайы ұстанатын темірқазығымыз, - деген ол барша қауымды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.

 

– Тұңғыш Президент күні құтты болсын! Елбасымыз азаттық аңсаған қазақ халқымен  бірге қаншама жылдарды артта қалдырып, елімізді әлемдік деңгейге көтерді. Кешегі баһадүр балаларымыз бен қазақ марғасқаларының ерлігінің ел есінде сақталуы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы – Елбасымыздың сарабдал саясаты мен қазақ халқының тарихы – біздің  тарихымыз деп қараған өзге де ұлттардың ынтымағының арқасы, - деді мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.  

Мемлекет және саяси қайраткер, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰИА корреспондент мүшесі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, Анатолий Башмаков:

– Елбасы және тәуелсіздік дегеніміз – бір-бірін толықтыратын егіз ұғым. Бұл қазіргі отандық тарихтың ең биік шыңы. Бұл екі тарихи және саяси өнегесіз Қазақстанның алға жылжуы ойға сыйымсыз. Бұл біздің тарихымыз, тағдырымыз. ... Тіл туралы толғанғанда, біз оның коммуникативті функциясын жиі айтамыз. Бұл жақсы байланыс құралы. Бірақ меніңше, тіл – бұл ең алдымен халықтың жазылмаған конституциясы.

Көрменің қатысушылары мен көрермендері үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің әртістері өнер көрсетті.

Бұдан кейін «Мәртебесі биік марапаттар» және «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» атты көрмелердің ашылуы өтті.

 «Мәртебесі биік марапаттар» көрмесі экономика, денсаулық сақтау, ғылым, білім беру, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау, спортты қолдау және Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы басқа да жетістіктері үшін әр жылдары берілген Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың қоғамдық марапатының бірегей топтамасының кешенімен таныстырды. Көрмеде 40-тан астам экспонат ұсынылды.

Елбасы кітапханасының архив, музей және кітап жинақтарынан тұратын «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» көрмесі төрт тақырыптық бағытты жүйелі түрде ашады: Дәстүрлі қазақ қоғамының жазу тарихы, «Көшбасшылыққа 30 жыл», «Тіл туралы» Заңға 30 жыл, Қазақстан Республикасының қазіргі тіл саясаты. Көрмеге Елбасының жеке мұрағатынан барлығы 70-тен астам құжаттар мен 50 фотосурет қойылды, олардың ішінде ХХ ғасырдың 80-90 жж. Н.Ә. Назарбаевтың қолжазбалары, жұмыс жазбалары бар.

  

Музей және кітап жинақтарынан алынған материалдар архив дереккөздерімен қатар, қазіргі заманғы қазақ тілін, үш тілділікті, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдауға, Қазақстанның бай әдеби мұрасын насихаттауға бағытталған мемлекеттік тіл саясатын іске асыру тарихын бейнелейді.

«Тарихи таңдау» жобасы аясындағы көрмелер 2020 жылдың 29 ақпанына дейін жалғасады.